Уимблдон: Елена Рыбакина алғашқы қарсыласын ойсырата ұтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.
Уимблдон жарысында 2022 жылы үздік шыққан қазақстандық теннисші бұл жолы бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 49-орында тұрған армениялық Элина Аванесянмен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін бір-ақ рет кездесіп, онда Рыбакина жеңген еді.
Өткен жылы Уимблдонда жартылай финалға дейін жеткен қазақстандық спортшы бірінші партияда 5:0 есебімен алға кетті. Аванесян есепті қысқартқанымен, Рыбакина сетті брейкпен тәмамдады – 6:2.
Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Елена брейк жасай алды. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.
Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Аванесян 1 эйс, брейкпен (9 брейк-пойнт) Шектелді.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін кезінде рейтингіде 3-орынға дейін көтерілген, қазір 77-сатыдағы грекиялық Мария Саккаримен таласады. Ол алғашқы айналымда рейтингіде өзінен бір саты төмен тұрған ресейлік Анна Блинкованы қапы қалдырды – 6:4, 6:4.
Уимблдон додасында жекелей сында Қазақстаннан жалғыз Е.Рыбакина ғана қалды.
Рейтингіде 247-орындағы Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымда әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Фабио Коболлиге жол берді – 3:6, 6:7 (7:9), 1:6.
Ал рейтингіде 98-сатыдағы Александр Шевченко әлемнің 70-ракеткасы, америкалық Рейлли Опелкаға есе жіберді – 3:6, 5:7, 6:7 (4:7).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Лондонда Уимблдон турнирі басталатынын жазған едік.