ЛОНДОН. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты.
Отандасымыз төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара төрт рет кездескен, есеп тең еді - 2:2. Бұл жолы Калинская матчты брейкпен бастады - 2:0. Бірақ Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті алды - 6:3.
Екінші партияда Елена 3:0 есебімен алға шыққаннан кейін Калинская бәсекені жалғастырудан бас тартты. Небәрі 50 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ресейлік теннисші 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, Украина өкілі Элина Свитолина немесе рейтингіде 42-сатыдағы қытайлық Синьюй Ванның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).