Уимблдон: Елена Рыбакина үшінші айналымға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен бетпе-бет келді.
Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Елена 3:1 есебімен алға шыққанымен, Зигемунд таразы басын теңестірді. Дегенмен қазақстандық спортшы қатарынан үш геймді алды — 6:3.
Екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Рыбакина есепті теңестірді — 2:2. Алайда сет Зигемундтің еншісінде кетті — 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Рыбакина ақыры дегеніне жетті — 6:3.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты матчта Елена 5 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Зигемунд 1 эйс, 3 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 25-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандес немесе рейтингіде кезінде көш бастаған, қазір 91-орындағы даниялық Каролина Возницкидің қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева жұптық сында даниялық Клара Таусонмен бірге алғашқы айналымда ресейліктер Елена Веснина — Диана Шнайдерге жол берді — 6:4, 6:7. (6:8), 0:6.
Ю.Путинцева жекелей сында үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнайды. Ига екінші кездесуінде хорватиялық Петра Мартичті жолдан тайдырды — 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Анна Данилинаның екінші айналымға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Франциядағы жарыстың ширек финалына шықты.