ЛОНДОН. KAZINFORM – Лондон қаласында әйелдер арасында Уимблдон турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 152-орында тұрған румыниялық Елена Габриэла Руземен шеберлік таластырады.
Қазақстанның екінші, әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцеваға қиындау қарсылас тап болды деуге болады. Германиялық Анжелика Кербер – қазіргі кезде рейтингіде 221-сатыда тұрғанымен, кезінде көш бастаған, үш дүркін «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанған теннисші.
Лондонда әйелдер арасында 1-13 шілде аралығында өтетін жарыстың жүлде қоры 21,3 млн доллардан асады. Турнир чемпионы 3,2 млн астам еуроға ие болады.
2022 жылы Уимблдонда Елена Рыбакинаның үздік шыққаны белгілі. Өткен жылы қазақстандық теннисші ширек финалға дейін жетіп, тунистік Онс Жаберге жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Германиядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).