Уимблдон: Тимофей Скатов тартысты матчта қарсыласына жол берді

Фото: Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның – екінші, әлемнің 138-ракеткасы, 22 жастағы Тимофей Скатов Уимблдонның іріктеу сайысында қарсыласына жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының ширек финалында дүниежүзілік рейтингіде 187-орында тұрған бельгиялық Киммер Коппеянспен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда тай-брейкте Т.Скатов басымдық танытты – 7:6 (7:3).

Екіншісінде 29 жастағы бельгиялық спортшы есе қайырды – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Жеңіс тәжірибелі К.Коппеянстің еншісінде кетті – 7:6 (13:11).

Тартысты өткен бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Тимофей Скатов өткен жылы Аустралия ашық чемпионатында, биыл Ролан Гаррос турнирінде іріктеу сатысында бақ сынап, негізгі кезеңге өткен еді. Бұл жолы Уимблдон жарысында сәл сәттілік жетпей қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемнің 27-ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Истбурн турниріне қатысудан бас тартты.