НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққанына қатысты пікір білдіріп, қуанышымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биылғы жыл басы қазақстандық теннисші үшін онша сәтті бола қойған жоқ.
«Жыл басында мен өзіме сенімді болмадым, өйткені маусымға жақсы дайындала алмадым. Жарақат алып, аллергиядан, ковидтен зардап шектім. Әйтеуір бір мәселе туындады да тұрды. Қазір өте бақыттымын. Қалай ойнап жатқаныма, бабымның қандай екендігіне қарамастан, тартысты ойындарда жеңіске жеттім. Тағы бір айтатыным, мен өзімді ешкіммен салыстырмаймын. Тек өзімнің талантым бар екендігін білемін. Менің бойым ұзын және өте тез ойнаймын. Осы қаруымды жиі пайдалануға тырысамын», деді Е.Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсеткенін , Елена Рыбакинаның Уимблдонда ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 44-ракеткасы, аустралиялық Айла Томляновичпен шеберлік байқасады. Ол төртінші айналымда рейтингте 37-орындағы франциялық Ализе Корнеден айласын асырды – 4:6, 6:4, 6:3.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).