АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Юлия Путинцева Уимбдон турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасты.
Матчты сәтті бастаған Путинцева 4:1 есебімен алға шықты. Жаңбыр жауып кетуіне байланысты жарияланған үзілістен кейін қазақстандық спортшы сол басымдығын жоғалтқан жоқ – 6:3.
Алайда бұдан соң бразилиялық теннисші күш алып кетті – 6:0, 6:4.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 2 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Беатрис Хаддад Майя екінші айналымда рейтингіде 133-орында тұрған румыниялық Жаклин Кристианмен кездеседі. Ол әлемнің 47-ракеткасы, италиялық Лючия Бронцеттиді тізе бүктірді – 6:3, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің 24 эйс жасап, Уимблдонды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Уимблдонда Елена Рыбакина екінші айналымға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).