Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы жеңіліп қалды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Лондонда Уимблдон турнирінің жартылай финалына шыққан екі теннисші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың басты фавориттерінің бірі, әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек ширек финалда кезінде рейтингте үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 76-сатыдағы украиналық Элина Свитолинадан ұтылып қалды – 5:7, 7:6 (7:5), 2:6.

Сондай-ақ әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула мен рейтингте 42-орындағы чехиялық Маркета Вондроушованың матчы да күтпеген нәтижемен аяқталды.

Мұнда чехиялық теннисші 6:4, 2:6, 6:4 есебімен қарсыласын қапы қалдырды.

Осылайша, бірінші жартылай финалда Э.Свитолина мен М.Вондроушова шеберлік байқасады.

Қалған екеуі сәрсенбі күні анықталады. Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 6-сатыдағы тунистік Онс Жабермен ширек финалда кездеседі.

Сондай-ақ әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко рейтингте 18-сатыдағы америкалық Мэдисон Киздің меселін қайтаруға тырысады.

Осы екі бәсекеде жеңген теннисшілер финалдың тағы бір жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Анна Данилинаның Уимблдон ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.

Елена Рыбакина ширек финалда өткен жылғы Уимблдон финалындағы қарсыласы Онс Жабермен ойнайды.

Ал Юлия Путинцева Швециядағы жарысты жеңіспен бастады.