АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 251-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының ширек финалында әлемнің 213-ракеткасы, украиналық Виталий Сачконың меселін қайырды.
Тартысты өткен матчта Бейбіт 7:5, 4:6, 7:6 (10:3) есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 27 минутқа созылған бәсекеде Жұқаев 21 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін құр жіберген жоқ. Сачко 5 эйс, 3 брейкті (6 брейк-пойнт) өз есебіне жазды.
Бейбіт Жұқаев іріктеудің финалына шығу үшін әлемнің 137-ракеткасы, германиялық Янник Ханфманмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға кіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Скатов пен Кукушкин Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).