Үкімет 2011 жылы Ішкі жалпы өнім өсімі 4-5 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр
10:15, 18 Қаңтар 2011
АНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан Үкіметі 2011 жылы ішкі жалпы өнім өсімі 4-5 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ҚР Үкіметінің, Ұлттық банк және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2011 жылға арналған экономикалық бағыттары туралы мәлімдемесін жариялау кезінде мәлім етті.
«2011 жылы Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігімен жүргізілетін экономикалық саясат нақты ішкі жалпы өнімді - 4-5 пайыз, ал инфляцияны 6-8 пайыз деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді»,-деп атап өтті министр.
Сондай-ақ Ж. Айтжанова: "2011 жылы баға тұрақтылығын және жылдық инфляция деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз ету Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының басымды бағыты болып табылады. Қазақстаның қаржы секторының даму саясаты ондағы тұрақтылықты сақтап қалуға, оның айқын және тиімді болуына бағытталады", - деп атап көрсетті.