Үкiмет 2015-2019 жылдарға арналған Геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын бекiттi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкiметте 2015-2019 жылдарға арналған Геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасы бекiтiлдi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Нұрлан Сауранбаев мәлiм еттi.

«Бағдарламаға 161 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Өткен бесжылдықта бұл сома шамамен 40 млрд. теңгенiң көлемiнде болды», - дейдi вице-министр.

Оның сөзiне қарағанда, Қазақстанда пайдалы қазбалардың мол қоры сақтаулы. Сондықтан бағдарлама аясында құнды металдар қорының жаңа кенiштерiн iздестiруге бағытталатын болады.

«Көмiр мен темiр кенiштерiнiң жалпы қоры шамамен 300-500 жылға жетедi. Сол себептi мемлекет негiзгi күштi сирек кездесетiн кенiштерге жұмсауы тиiс. Осы бағдарламаны бiз полиметалдарды, сирек кездесетiн металл түрлерiн, алтын, мыс қорын барлауға бағыттаймыз», - деп атап өттi ол.