Үкімет 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын өзектендіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары қайтадан өзектендіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін аталған мәселелердің барлығы Елбасының ерекше бақылауында. Сол себептен бұл тапсырмалардың барлығы сапалы түрде және нақты мерзімде орындалуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмаға дейін бүгінгі талқылауларды ескере отырып, 2018 жылға арналған Үкіметтің өзектендірілген жұмыс жоспарын енгізуі тиіс. Келесі отырыста жоспарды қайтадан бекітетін боламыз», - деді Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, отырыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берген тапсырмалары талқыланған болатын.