Үкімет 2018 жылы 16 заң жобасын әзірлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Үкіметі 2018 жылы 16 заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізетін болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Әділет министрлігі «Құқықтық актілер туралы» Заңның талаптарына және Үкіметтің регламентіне сәйкес Үкіметтің Заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарының жобасын әзірледі. Жоспар жобасы келесі жылы 16 заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді көздейді. Соның ішінде 7 жоба заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарынан, екі жоба құқықтық саясат тұжырымдамасынан туындайды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, тағы 4 заң жобасы Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшысының тапсырмаларына сәйкес енгізіледі.

«Екі заң жобасы бюджеттік кодекстің нормаларынан туындайды. Қалған бір заң жобасы мемлекеттік органның өз бастамасы  болып табылады. Келесі жылы мемлекеттік органдармен 10 саладағы заңнаманы жетілдіру  жоспарлануда. Сонымен қатар 3 жаңа заң әзірленетін болады. Атап айтқанда, Мемлекет пен азамат арасында жариялы құқықтық қатынастардан туындаған құқық туралы дауды шешетін әкімшілік рәсімдік процестік кодекс жобасын әзірлеу көзделуде. Гидротехникалық құрылыстардың апаттарын төмендету, алдын алу  және шектеу бойынша бірқатар міндеттердің реттелуін көздейтін гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі туралы жаңа заң жобасы әзірленетін болады. Сондай-ақ тарихи-мәдени  мұра мәселелерінің кешенді  реттелуінің құқықтық негіздерін бұдан да тиімді етіп қалыптастыруға бағытталған тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы жаңа заң жобасын әзірлеу көзделуде», - деді Бекетаев.