«Мемлекет басшысы Үкіметтің жыл басында өткен кеңейтілген отырысында бірқатар тапсырма берген болатын. Осыған байланысты, Үкімет 2020 жылы қол жеткізілуі қажет нысаналы индикаторларды айқындады. Осы жылы бірінші кезекке тиісті міндеттер қойылды, яғни жалпы ішкі өнімнің өсуін 4,7-5,0 пайызға дейін қамтамасыз ету. Бұл 0,2 проценттік тармаққа жоғары», - деді министр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20 пайызына дейін, сондай-ақ шағын және орта бизнестің үлесін 30 пайызына дейін жеткізу ескерілген.
Бұдан бөлек, шикізаттық емес экспорт көлемін 18,6 млрд долларға дейін ұлғайту ескерілген, яғни бұл 3,4 млрд долларға артық.
Мұнымен қоса, 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл көрсеткіш 1,9 миллионға жоғары.
Атап айтқанда, 430 мың жұмыс орнын құру және халықтың нақты табысын 6 пайызға арттыру қарастырылған.
«Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін сауданы, ауыл шаруашылығын, өңдеуді, құрылысты, көлікті, байланысты және кен өндіруді ұлғайту қажет. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуге, қол жеткізілген өсу қарқындарын сақтауға, жүйелі мониторинг жүргізуге және жедел шаралар қабылдауға баса назар аудару қажет», - деді Руслан Дәленов.