«Келер жылдағы бюджет болжамында мұнайға қатысты есепті баға барреліне 85 АҚШ долларын құрап отыр. 1 доллар үшін бағам 470 теңге шамасында белгіленген. Осы есептеулер аясында республикалық бюджеттің кірісі 16 трлн теңге деңгейінде қалыптасады», - деді А. Әмрин Сенатта заң жобасын таныстырғанан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2023 - 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды.
Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 - 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтып берді.
Министрдің сөзіне қарағанда, болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 85$ деп көрсетілген. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9% болады.