Үкімет ағымдағы жылы жұмыссыздық көрсеткіші деңгейінің өзгеруін болжамайды - С. Ахметов

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Үкімет ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық көрсеткіші деңгейінің өзгеретінін болжамайды. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.

«Жұмыспен қамтуды қолдауға қатысты «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы бағытқа жеткілікті қаражат бөлініп келеді. Бағдарламаның бірқатар бағыттары бар, оның ішінде ауылдық жерлерге арналған бағыты нақты жүзеге асып келеді. Адамдар барлық бағыттар бойынша да бағдарламаға қатысып, өздеріне уақытша да, тұрақты да жұмыстарын тауып жатыр. 2012 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық 5,2 пайызды құраған болатын. Біз биылғы жылы да осы көрсеткіш сақталатынын күтеміз», - деді С.Ахметов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асып жатқанын айтып өтті. Бұдан бөлек, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 17 тұрғын үй құрылысы комбинаттары салынады. «Агробизнес-2020» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр. «Осының барлығы халықтың бір бөлігін, оның ішінде әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатындағыларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді», - дейді С. Ахметов.