Бұл пікірді бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты.
«Проблемалар бар және оларды шешу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мен күш-құрылым органдарымен бірге арнайы кеңес өткіздім. Онда алаяқ құрылысшылар жымқырған үлескерлердің ресурстарын қайтару мәселесін жеделдетуге қатысты нақты тапсырма қойылды. Олар толық қайтарылғаннан кейін бүгінде қалып отырған мәселелерді аталған қаражат есебінен шешеміз», деді Үкімет басшысы.
Бұл орайда К.Мәсімов ұрланған қаражат қайтарылғаннан кейін үлескерлермен кездесіп, олармен бірге аталған мәселелерді талқыға салатынын да мәлімдеді.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметінің үлескерлердің қатысуымен елімізде орын алып отырған тұрғын үй құрылысы саласындағы мәселелерді реттеуде барлық мүмкіншіліктерді жасағандығын айта келе, Елбасының тікелей тапсырмасымен мемлекет бюджетінен ауқымды қаражат бөлінгендігін еске сала кетті.