14:41, 01 Сәуір 2009
Үкімет әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарды қосымша 11 млрд. теңгеге арттыруды ұсынды
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Үкімет инфляцияның нақтыланған болжамы негізінде әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарды қосымша 11 млрд. теңгеге арттыруды ұсынады.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» ХДП сайлауалды тұғырнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдерді арттыру бойынша мемлекеттің міндеттері мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын арттыру шаралары толық көлемде орындалады. Бұдан басқа, нақтыланған инфляция болжамдары негізінде әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстарды қосымша 11 млрд. теңгеге арттыруды ұсынамыз. Ағымдағы жылғы шілденің 1-нен бастап жалақының ең төменгі деңгейі жоғарылайды және базалық әлеуметтік төлемдер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 13 мың 717 теңгеге дейін өседі. Базалық зейнетақы төлемінің деңгейі 5 мың 487 теңгеге дейін артады», - деді Премьер-Министр.
Сонымен бірге Үкіметтің «Жол картасының» негізгі мақсаттарына тоқтала келе К. Мәсімов, ондағы басымдықтар жайын да атап өтті. Премьер-Министрдің айтуынша, «Жол картасы» ең алдымен халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздықтың өсуін болдырмауға, сондай-ақ дағдарыс кезеңінде орнықты даму жағдайын қалыптастыруға бағытталады.