Үкімет АӨК-ді сауықтыруға 500 млрд. теңге бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дағдарысқа қарсы іс-шаралар аясында Қазақстанның аграрлық-өнеркәсіптік кешенін (АӨК) сауықтыруға 500 млрд. теңге бөлінеді.

Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин айтты.

«Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар аясында аграрлық секторды сауықтыруға қатысты тапсырмалар берді. Аталған бағдарлама аясында 292 нысан жалпы сомасы 313 млрд. теңгеге қаржылай сауықтыру шараларымен қамтылды. ҚР Президенті бұл қаражатты 500 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға тапсырма берген болатын. Бюджетке енгізілген түзетулерге кеше ғана қол қойылысымен, «Bank RBK» АҚ қаражат мәліметтерін бекітті. Енді АӨК нысандарын қаржылай сауықтырумен айналысатын комиссия өз жұмысын одан әрі жалғастыра береді», - деп атап өтті Р.Шаекин.

Оның айтуынша, елімізде қаржылай сауықтыруға зәру 292 ауыл шаруашылық нысаны бар.

«Олар кезінде ЕДБ-терден 16-18 пайыздық көрсеткішпен несиелер алып, нарықтағы бәсекелестікке шыдамай, қарызға батып қалған нысандар. Қаржылай сауықтыру дегеніміз, мемлекет бөлген қаражат осы қарыздардың ЕДБ мен басқа да қаржылық ұйымдарға төленетін пайыздарының жартысын жабуға жұмсалады. Мемлекет шығындардың бір бөлігін өз мойнына алады және аталған несиені жабу уақыты 9 жылға ұзартылады», - деп түсіндірді депутат.