Оның айтуынша, мектептердің оқу әдебиеттерімен толық қамтамасыз етілмеуінің басты себебінің бірі әлі де қаржының толық бөлінбеуіне байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда ведомство қарастырылып отырған 14 млрд. теңгеге 2,3 млрд. теңгенің жетіспеушілігі белгілі болған. Аталған мәселе жыл басында көтерілген, сосын мамыр айында облыс әкімдіктерімен қосымша кеңестер де өткізілген.
Мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету процесіндегі осал тұстың бірі - оқулықты мектепке дейін жеткізу. Осыған байланысты министрлік оқулықты өңірлерге жеткізушілерге талапты күшейтіп отыр. Атап айтқанда, оларда арнайы техникалар, қоймалар, дайындалған персоналдар болуы керек. Оқу әдебиеттерін жеткізу мерзімдеріне де талаптар күшейтіледі.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде елімізде көптілділік білім беру моделі қалыптасты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне оқыту үлгісі білімнің аралық деңгейлерін қамтитын болады. Осыған орай, алғаш рет Қазақстанда 1-11 сыныптарға арналған қазақ тілінің деңгейлік оқулықтары дайындалып отыр.
Ал 19 мамыр, сейсенбі күні Қазақстан-Литва бизнес-форумы болды. Литвалық делегацияны Республика Премьер-Министрі Альгирдас Буткевичюс бастап келді. Бизнес-форум барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізген мәртебелі мейман Литва тарапы Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасын нығайта түскенін жақтайтынын білдірді. «Біз Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасын нығайтуын жақтаймыз. Сонымен бірге Қазақстанның Еуропалық одақпен серіктестігі туралы келісімге таяу аралықта қол қойылып, күшіне енетіндігіне сенім артамыз. Мен бұл байланыстардың Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандырып, біздердің ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретіндігіне сенімдімін», - деді ол. Сонымен қатар ол осы күнгі келіссөздердің нәтижесінде үш келісімге қол қойылғанын атап өтті. «Біз бүгін құпия ақпаратты өзара қорғау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекеттер саласында өзара іс-қимыл, сонымен бірге азық-түлік және ветеринария қызметіндегі ынтымақтастық туралы үш келісімге қол қойдық. Меніңше, бұл келісімдер біздер қызығушылық танытатын маңызды салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретін болады», - деді А.Буткевичюс.
Сондай-ақ, А. Буткевичюс соңғы жылдары Қазақстан мен Литва арасында екіжақты қарым-қатынас саласындағы ортақ мүдделестік жанданып келе жатқанын атап өтіп, екі ел арасындағы көлік, сауда, байланыс, ағарту, медицина салаларындағы ынтымақтасты ерекше айтты. «Дегенмен, бұл біздің ынтымақтастық әлеуетіміздің шағын бөлігі ғана. Литва Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға дайын», - деді ол.
Өз кезегінде ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов: «Менің ойымша, Литваның шағын және орта бизнесі тәжірибесін зерттеу бойынша, бұл тәжірибені Қазақстан аумағында пайдалану тұрғысында сіздермен жұмыс істей аламыз. Сондай-ақ литвалық компаниялардың Қазақстанның инфрақұрылымдық және өндірістік дамуына қатысуы бойынша, ал қазақстандық компаниялардың Литваның дамуына қатысуын, яғни «Еуропалық Одақта жасалған» атты лейблды (фирмалық затбелгі) алып, кейін осы тауарларды барша ЕО-қа экспорттау үшін арнайы экономикалық аймақты инвестициялауды қарастырту мүмкіндігі бар», - деп атап өтті.
20 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жұмыс сапарында болған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Түркістанның әлеуметтік саласының дамуымен танысып, қалалық аурухананы, мектеп-гимназияны, МЖС жағдайында салынған түркі тілдес халықтардың жеке кітапханасы мен балабақшаны аралады.
Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ қазіргі таңда Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатқан «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Қазақ хандығының рөлі мен маңызы» атты ғылыми-теориялық конференция жұмысына қатысты.
Б.Сапарбаев еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.
Конференцияға Түркия, Иран, Әзербайжан, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының 600-ден астам өкілі қатысты.
Сондай-ақ, Б. Сапарбаев Жамбыл облысында да болып, Таразда Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысымен танысты.
Премьер-Министрдің орынбасары ат-спорттық іс-шаралар өтетін «Атшабар» ипподромында және тарихи-драмалық спектакль өтетін «Жастар» стадионында болып, нысандардың дайындығын қарап шықты. Ол сондай-ақ облыс орталығының тарихи бөлігінде орнатылатын «Қазақ хандығы» монументінің эскиздік макетін қарап шықты.
Оған қоса, вице-премьер Тараздың әлеуметтік және мәдени саласындағы бірқатар нысандарды аралады.
Осы күні ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімов видеобайланыс режімінде Алматы қаласында өткен Исламдық қаржы қызметтері кеңесінің (IFSB) 12-ші саммитінің жұмысына қатысты.
«Исламдық қаржыландыру жаһандық қаржы нарығының барынша серпінді сегменттерінің бірі болып табылады. Қазақстан осы бағыттың негізі болуға ұмтылуда», - деді К. Мәсімов форум қатысушыларына арнаған кіріспе сөзінде.
«Осы мақсатқа жету үшін исламдық қаржыландыру инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше реформалар жүргізілді. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы аталған саланың алғашқы бастаушысы етті», - деп қосты Премьер-Министр.
Ол сондай-ақ Қазақстан IFSB-тің жаһандық нормативтік-құқықтық база аясында оның қағидаттарын одан әрі интеграциялауда жұмыс істей отырып, оның исламдық қаржыландыру институтын дамытуға ұмтылысын қолдайды.
«Біздің одан әрі ынтымақтастығымыз исламдық қаржыландыруды алға жылжыту және кеңейтуге ықпал ететініне күмәніміз жоқ, біз ортақ мақсаттарға жету үшін өзара іс-қимылды дамытуға әзірміз», - деп атап өтті ол.
Бейсенбі, 21 мамыр күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Люксембург Премьер-Министрі Ксавье Беттель кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында ҚР Үкімет басшысы К.Беттельмен алғаш рет Давоста кездесіп, Қазақстанға шақырғанын әрі сол шақыруын қабыл алып, келгені үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Люксембург Үкімет басшысы Давоста К.Мәсімовпен өткізген кездесуін жоғары бағалайтындығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесу біздің байланыстарымызды тереңдете түсуге жақсы мүмкіндік береді. Бізбен бірге Николья Маккель де келіп отыр. Ол Қазақстанға инвестиция салу мәселелерімен айналысады. Мен біздің барлық саладағы ынтымақтастық әлеуетіміз жоғары екендігіне сенімдімін»,- деді К.Беттель.
Айта кетейік, келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасында бірқатар құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Люксембург Ұлы Герцогтігі Орнықты даму және инфрақұрылым министрі Франсуа Бауш Қазақстан мен Люксембург арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қол жеткізді. Мұнан бөлек, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов пен Люксембургтің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пьер Ферринг ҚР Ұлттық банкі мен Люксембург Қаржы технологияларын беру жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды рәсімдеді.
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің айтуынша, Қазақстан үшін исламдық қаржыландыруды дамыту - жаңа сала. Бұл мәселеде біздің мол тәжірибеміз жоқ. Сондықтан да біз үшін Люксембург билігімен олардың Еуропадағы исламдық қаржыландыруды дамыту бағытындағы тәжірибесін талқылау барынша қызықты. «Алдағы уақытта құрылатын Астана қаржы орталығы аясында біз олардың тәжірибесін зерделеуге және елде исламдық қаржыландыруды қалай дамытуға болатындығын көруге мүдделіміз», - деді Қазақстанның Үкімет басшысы.
Аптаның соңғы жұмыс күндері, яғни 21-22 мамыр аса белсенділікпен өтті. Бұл күндері елордаға VIII Астана экономикалық форумына қатысу үшін әлемнің 90-нан астам елінен 3 мыңға жуық делегат келді. Олардың қатарында 200-ге жуық вип-спикер, мәселен премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар болды.
22 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев VIII Астана экономикалық форумының жұмысына қатысты. Форумда сөз сөйлеген ол Еуразиялық Экономикалық кеңістігін құруды ұсынды. «Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістігін құруды ұсынамын... Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүддесіне жауап беретін ортақ ережелер қабылдау маңызды. Ережелер, ең алдымен, ресурстардың саудасы, тасымалдануы және қозғалысына қатысты болуы керек. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде тұрақты түрде қызмет ететін алаң құру қажет. Бұл алаңда құрлықты дамыту, оның мүшелері арасындағы ықпалдастықты күшейту бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Астана экономикалық форумы осындай алаң бола алады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» Қазақстанды инфрақұрылым сапасы бойынша әлемнің көшбасшы 50 елінің қатарына қосуға бағытталғанын да атап өтті. «Осыдан 15 жыл бұрын біз иен далада бүгін өздеріңіз көріп отырған жаңа астанамыз - Астана қаласын салдық. Қала қазақстандықтардың мақтанышына әрі біздің еліміздің экономикасының өсім драйверіне айналды және қазақстандықтардың мүмкіншілігін көрсетті. Біз елімізде де жаһандық проблемалардың жауабын табуға тырысудамыз», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы ол үшін Қазақстанның 2030, одан кейін 2050 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары әзірленгенін еске салып өтті. «Біздің жаһандық экономикадағы дағдарысқа нақты жауабымыз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасы мен индустриалды-инновациялық дамудың жалпы қамтымды мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Біздің «Нұрлы жол» бағдарламамыз Қазақстанды инфрақұрылым сапасы бойынша әлемнің көшбасшы 50 елінің қатарына қосуға бағытталған», - деді ҚР Президенті.
«Біз астанамыздан шұғыла қағидаты бойынша өңірлерге тарайтын автомобиль жолдары желісін, темір жолдар, көпірлер, электр желілерін, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын және өте көп тұрғын үйлер саламыз. Олар ең алдымен жастарға арналады әрі қолжетімді болады. Мемлекет пайыздық ставкасын субсидиялайды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын автожолдардың көлік коммуникациялары үш жылдың ішінде салынатындығын атап өтті.
«Бұл елдің барлық өңірлерінің теңгерімді дамуына қол жеткізуге мүмкіндік береді, экономикалық дамуда, сонымен бірге әлеуметтік-демографиялық ахуалда теңсіздікті төмендетеді. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бірқатар көрнекті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2019 жылға дейін көрші елдерге шығу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақыт үштен бір есеге қысқарады. Электр энергиясына қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін бірыңғай энергия жүйесі қалыптастырылады. Бұл түрлі өңірлердегі экономикалық өсімдерді теңестіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, бағдарлама жарты миллионнан астам жұмыс орнын құрады. Бұл біз үшін аз емес», - деді ҚР Президенті.
Айта кетейік, биылғы форум «Инфрақұрылым: экономиканың орнықты өсімінің драйвері» тақырыбына арналды.
Сондай-ақ, форум аясында небәрі екі күннің ішінде отызға жуық сессия өтіп, олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналды.
Айта кетейік, форумды ұйымдастыруға БҰҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, Дүниежүзілік банк сияқты іргелі ұйымдар атсалысып отыр.
Алқалы жиын биыл тұңғыш рет "жасыл" экономика элементтері бойынша өткізілді. Сонымен бірге, форум аясында өткен «Жаңа Жібек жолы» IIІ Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес-форумына әр түрлі елдерден 200-ден астам темір жол әкімшіліктері өкілдері қатысты.