ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына баса назар аударады
Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы өнеркәсіп өндірісіндегі республикалық көлемнің небәрі 5 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің 16 пайызын құрап отыр. Ал тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 1370-ке жетсе, олардың шамамен 60-ы ірі мекемелер. Міне осы кәсіпорындар өндіретін азық-түлік өнімдері өндірісінің құрылымындағы негізгі үлес астықты қайта өңдеу, сүт, нан және нан-тоқаш, етті қайта өңдеу, жеміс-көкөніс салаларына тиесілі.
Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеу өндірісінің көлемі 930 млрд. теңгені не болмаса 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте 3 млрд. доллардың өнімі елімізге импортталса, экспортқа шығарылған тауардың құны 1,1 млрд. долларға жеткен. Демек, тұтыну көлеміндегі өндірістің үлесі шамамен 60 пайызды құрап отыр деген сөз.
Осы ретте қайта өңделген негізгі азық-түлік тауарларының шетелден ағылуына тосқауыл қоюды мақсат тұтқан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеп, оны бүгін Үкімет отырысында министрлердің бірауыздан қолдауымен бекітілуіне қол жеткізді.
Үкімет отырысында осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2012 жылы елімізде 4,8 млн. тонна сүт өндірілсе, оның 85 пайызы жеке қосалқы шаруа қожалықтарының үлесіне тиесілі. Бұл ретте өндірістің жалпы көлеміндегі қайта өңдеу үлесі 35 пайызды не болмаса 1,68 млн. тонна сүтті құрайды. «Экспорт көлемі 22 мың, ал импорт 903 мың тоннаны құрайды. Ішкі тұтыну көлемі - 2,5 млн. тонна. Ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 65 пайызға тең, ал қалған 35 пайызы импортталады. Осылайша, сүтті қайта өңдеуде өндірісті арттыру әрі импортты ығыстыру үшін зор әлеует бар»,- деген ол аталған саладағы кемшіліктер қатарында шикізат сүттің жеткіліксіздігін, құрал-жабдықтардың тозу үлесінің жоғарылығын, айналым қаражаттың жоқтығын атап өтті.
Келесі басымдықты бағыттардың бірі - етті қайта өңдеу саласы. Бағыттың басты мақсаты - елімізге келетін ет импортының жолын кесіп, экспорт көлемін арттыру. Бұл саланың кенжелеуіне негізінен шикізат сапасының төмендігі мен жеке қосалқы шаруашылықтардың шалғай орналасуы қолбайлау болып тұр. Ал оны шешу үшін министрлік 2020 жылға дейін етті қайта өңдейтін кәсіпорындарға немесе делдалдарға жеке қосалқы шаруашылықтардан ет жинау үшін мал таситын 30 көлік пен тоңазытқышы бар 63 машина сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетпек. Осындай мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылға қарай қайта өңделетін еттің көлемі 130 мыңға, ал экспортталатын еттің көлемі 100 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұл мақсаттарға 2020 жылға дейін 13,4 млрд. теңге қарастырылған.
Отырысты қорытындылай келе ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу мәселесі жыл бойы барлық мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан кеңінен талқыға түскенін атап өткен Үкімет басшысы С.Ахметов: «Дегенмен, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, барша қаржы-экономикалық блоктың, қаржы секторларының, біздің даму институттарының назарын мына жайтқа аударғым келеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеуді несиелеуде біз ставканы 7 пайызға дейін айқындадық. Тағы да атап өткім келеді, қайта өңдеу үшін бұл әлі де болса жоғары деңгейлі пайыздық ставка. Банк секторы нарығында бұл 12-13 пайыз екендігі түсінікті. Бірақ, қайта өңдеу саласы, яғни машина жасау мен қайта өңдеу үшін 7 пайызды төмендету керек», - деді.
Осыдан кейін жоспар жобасын Министрлер кабинеті мүшелері бірауыздан мақұлдап, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Келес мәселе, яғни «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы туралы Үкімет басшысы оны жүзеге асырудың қарқыны жаман емес екендігін айтты.
«Бағдарламаны жүзеге асырудың қарқыны жаман емес. Жол картасында еңбекпен қамту проблемаларын шешудің пәрменді тетіктері ескерілген және бұл қазіргі кезде біз үшін маңызды. Атап айтқанда, осы бағдарламаның аясында барлық тетіктерді қамтып, сол бойынша жұмыс істеуіміз керек»,-деді Үкімет басшысы. Осы орайда С. Ахметов бірінші кезекте барлық қалалық, аудандық әкімдерді оқытып, олар бұл бағдарламаның барша тетіктерін тыңғылықты білуі тиіс екендігін қадап айтты.
Премьер-Министр барлық өңірлерге тиесілі бірқатар проблемалар бар екенін айта келе, бағдарлама бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екенін жеткізді.
«Осының салдарынан көпшілігі бұл бағдарлама кімдер үшін құрылғанын, оның басымдықтарын білмейді. Сонымен қатар оқуды аяқтағандарды жұмыспен қамту бағытында да мәселелер аз емес»,-деді С. Ахметов.
Сондай-ақ, Серік Ахметов бірқатар министрлік мамандарын «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысын зерттеу үшін өңірлерге жіберуді тапсырды.
«Жол картасын жүзеге асырудың барысын өңірлердегі нәтижелер бойынша қарастыруды ұсынамын және олардың есептерін тыңдайтын боламыз. Сондықтан да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өңірді анықтап, ол жерге жағдайды зерттеуге жұмыс тобын жіберіңіз. Бұған қоса осы жұмыстарға Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Өңірлік даму министрліктерінің мамандарын тартыңыздар»,- деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар С. Ахметов жергілікті жерлерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың барысын тыңғылықты қарастыруды жүктеді.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы тетіктерін жетілдіру бойынша шараларды әзірлегендерін жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, шаралар бірнеше бағыттар бойынша даярланды.
Біріншісі, жұмыс орындарын құру мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бөлігінде еңбекпен қамтудың Жол картасын басқа мемлекеттік салалық бағдарламалармен және өңірді дамыту бағдарламасымен үйлестіруге қатысты.
Екінші бағыты - тәжірибелік икемділік пен шеберлікті қалыптастыру есебінен нақты тетіктерді енгізіп, кәсіби даярлықты жақсарту.
Бұл мақсат бойынша бағдарламаға қатысуға үміткерлер арасында кәсіби бағдарлауды енгізу, жұмыс берушілерді персоналды оқытуға тарту ескерілген.
Үшінші бағыты - тіректі ауылдарды кешенді дамытуға жәрдемдесуге негізделген.
Отырысты қорытындылай келе, Үкімет басшысы барлық мүдделі ведомство басшыларына жоғарыда талқыланған екі мәселе бойынша тыңғылықты жұмыс атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.