Үкімет аптасы: Капиталды заңдастыру күзде басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Үкімет отырыстарын, оның атқарған негізгі жұмыстарын бұқараға жария ету міндетін мойнына жүктеген ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі журналистер қауымының осы апта бойғы мекеніне айналды десек те болады.

Мәселен, дүйсенбі күні қасына министрлікке қарасты департаменттің басшыларын ерте келген Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов Кеден одағына қатысты бірқатар деректерді ашып, еліміздің экономикасына оның қосқан үлесі жайында кеңінен тарқата айтып берді. Сонымен қатар дәл осы брифингте сырттан келетін ет өнімдеріне уақытша шектеу енгізілгендігі де белгілі болды. Жалпы, етімізді экспортқа шығаратын болдық деп малданып жүрсек, өзіміз де әлі күнге дейін АҚШ-тың тауығына, Бразилия, Ресей, Беларусь, Австралия елдерінен келетін етке телміріп отырған жайымыз бар екен. Тек өткен жылдың өзінде ғана 15 мың тонна сиыр етін, бұдан бөлек әрқайсысы 100 мың тоннадан асатын шошқа мен тауық етін тасымалдаппыз. Ал сол тасымалданған сиыр етінен де ши шығып отыр. Есте болса апта басында ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі «Қара Ангус еті» сауда атауымен жеткізілген сиырдың салқындатылған етін әкелуге және сатуға уақытша шектеу енгізілгенін жария еткен болатын. Бұл деректі ҚР ЭБЖМ Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Әлия Әлімбетова да қуаттады. «Бізде бірқатар шектеу енгізілді. Олар Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі тарапынан енгізіліп отыр. Бүгіннен бастап ет өнімдерін сатуға шектеу енгізілді. Бірінші кезекте бұл Австралиядан әкелінетін сиыр етіне қатысты», - деген ол аталған елден жеткізілген ет санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпей қалғандығын, оның құрамында адам денсаулығы үшін қауіпті тренболон ацетат препараты шекті деңгейден асып кететіндігін айтты.

Қазақстанның қаржы секторына қауіп жоқ

Ал сейсенбі күні дәл осы орталыққа арнайы атбасын бұрған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов еліміздің қаржы секторын дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Оның атап өтуінше, Қазақстанның Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі алғаш рет тарихи межеден асып, 101,2 млрд. долларға жетті. Оның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 28 млрд. доллардан асып түссе, Ұлттық қордың активтері 73 млрд. доллардан асып жығылды.

Соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйенің тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырғаны белгілі. Мәселен, банктік реттеу және бекіту саласындағы әдістемелік ұсыныстарды қамтитін банктік қадалағау бойынша Базель комитетінің үшінші құжаты елімізге ұсынылып отыр. Бұл құжатта қарастырылған талаптарға Қазақстан 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап көше бастауы қажет. Айта кетерлігі, «Базель-3» келісімінің мақсаты банк ісінде басқару тәуекелдерінің сапасын арттыру болып табылады. Алғашқы үш жылда банктер үшін талаптар өзгермейді, бірақ 2018-2019 жылдардан бастап жоғары талаптар жасалады. Жоспар бойынша 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай қазақстандық банктер осы үдеріске дайын болуы тиіс.

Үкімет бірқатар мәселе қарады

Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған топ та Үкімет отырысында көтерілген мәселелер жайында егжей-тегжейлі айтып берді. Алғашқы сөз кезегін алған Б.Сағынтаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қытай еліне ресми сапарына кеңінен тоқталды. Оның атап өтуінше, сапар бағдарламасында Мемлекет басшысының қытайлық әріптесімен «Ляньюньган» портындағы теңіз терминалының құрылысын қашықтан іске қосу шарасына қатысуы қарастырылған. Бұдан бөлек, Елбасы сапары аясында «Тау-кен Самұрық» компаниясы мен China Datang Corporation («Да­тан» Кор­по­ра­циясы) арасында Торғай ЖЭС-інің құрылыс жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге, «Қазақстан даму банкі» мен Қытай сақтандыру корпорациясы арасындағы сомасы 400 млн. долларды құрайтын экспорттық кредиттер бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылмақ.

Капиталды заңдастыру қыркүйекте басталады

Ал ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында «Мүлікті заңдастыруға байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және тұруға рұқсаты бар тұлғаларға рақымшылық жасау туралы» Заң жобасы мақұлданғанын мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында мүлікті жария етудің негізгі қағидалары айқындалған. Атап айтқанда, біріншіден, жария ету елдің экономикасына қосымша қаржы қаражатын және мүлікті тарту мақсатында жүргізіледі. Екіншіден, жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында табыс ретінде танылмайды және тиісінше жеке табыс салығы салынбайды. Ілеспелі заң жобасымен ҚР-ның Салық кодексіне тиісті толықтырулар енгізіледі. «Үшіншіден, жария ету басталғанға дейін алған мүлік жатады. Төртіншіден, жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады», - деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, қаржысын заңдастыратын кез келген азамат ақшасын 5 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында ұстауы тиіс. Әрине, оны мерзімінен бұрын алуға да болады. Бірақ бұл ретте екінші деңгейлі банктер аталған ақшаны төлеу барысында одан 10 пайыз көлемінде алым ұстап қалады. Ал қаржыңызды бүтін сақтағыңыз келсе, онда оны экономикаға, мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын және «Халықтық ІРО» бағдарламасының аясында акцияларды, сонымен бірге Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу жолымен инвестиция жасауларыңыз қажет. Заңдастыру ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Халықаралық 3 рейтингте Қазақстан 50 көшбасшы елдер қатарында

Келесі кезекте сөз алған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 6 әлемдік рейтингтердің және ұлттық бәсекеге қабілеттілік индикаторлары мониторингінің қорытындылары бойынша Қазақстан біртіндеп өз позициясын жақсартып келе жатқанын мәлім етті. «2013 жылдың қыркүйегінде жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан өз позициясын 1 тармаққа жоғарылата отырып, 148 елдің ішінен 50-орынды иеленді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2013 жылдың қазан айында жарияланған Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісі бойынша Қазақстан 3 тармаққа ұстанымын жақсартып, 189 елдің ішінен 50-ші орынға, 2013 жылғы мамырда жарияланған Халықаралық даму менеджменті институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 60 елдің ішінен 34-ші орынға көтерілген. «Жалпы, үш халықаралық рейтинг бойынша Қазақстан 50 көшбасшы елдер қатарына кірді. Екі рейтинг бойынша 70-тің ішінде (67 және 69 орын) және бір рейтинг бойынша 140-шы орында», - деді Е.Досаев.

Бұлардан бөлек, осы апта ішінде Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелерінің қатысуымен де брифинг өтіп, онда зенйетақы жүйесін жаңғырту, экономика салалары үшін мамандар даярлау мәселесі кеңінен талқыға түсті. Білікті мамандар даярлау мәселесіне халық қалаулары да бей-жай қарап отырған жоқ. Бүгіннің өзінде Мәжіліс депутаттары техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары жайын көтерсе, сенаторлар білім, ғылым және кәсіпкерліктің серіктестігі - ұлттық инновациялық жүйенің және ғылымға негізделген экономиканың стратегиялық даму жолы тақырыбына арналған отырыс өткізді.

Жалпы алғанда, осы аптадағы Үкімет жұмысы қауырт болуымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында түйткілді мәселелерді де кеңінен қозғауымен өтті десек болады.