Облыс әкімдіктерінің алдын ала мәліметтері бойынша негізгі шаралар 90-94 пайызға орындалған. Дегенмен кемшін тұстар да бар. Міне осы жайттар алқалы жиын барысында жан-жақты талқыға түсті.
Бірінші болып сөз тізгінін қолға алған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, 2012-2013 жылдың күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысында энергия кәсіпорындарында 9 энергоблокты, 59 қазандықты және 41 трубинаны жөндеу көзделген. Қыркүйек айының басында 6 энергоблокқа, 25 қазандыққа және 12 трубинаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал көптеген энергия көздеріндегі жөндеу мерзімдерінің кейінге шегерілуі тендердік процедуралардың дер кезінде өтпеуінен, қажетті қосымша бөлшектердің болмауынан және қосымша жөндеу жұмыстарының шығуынан орын алып отыр. Жалпы, осы айдың басында энергия көздерінің қоймаларында 4,6 млн. тонна көмір жинақталған. Бұл өткен жылғы деңгейден 36 пайызға артық. Сонымен қатар 99 мың тонна мазут әзірленген. Дегенмен қыстан қысылмай шығуға қажетті отынның белгілі бір мөлшерінің жинақталуы көңілді жайландырғанымен, кейбір қалалардағы жылу желілерінің әбден тозуы алаңдатарлық. Оны министр жасырмай ашығын айтты. «Жылу желілерінің барынша тозуы Семей, Талдықорған, Жаңатас, Қаратау және тағы да бірқатар моноқалада байқалады. Бұл мәселеде әкімдіктер белгіленген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырудың уақытылығы мен толықтығына ерекше назар аударуы керек», - деген ол Қызылорда қаласында энергия көздерін отынмен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалық мәселенің бар екендігін әрі оның Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын пайдалануға бергенге дейін сақталатындығын ескертіп өтті.
Қысқа дайындық қызу жүруде
Келесі кезекте мінберге көтерілген ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин де республикадағы барлық қазандықтардың 94 пайызы жылыту маусымына дайын екендігін атап өтті. Оның мәліметіне қарағанда, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері берген жедел мәліметтер бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына қазандықтардың 3085-і немесе 94 пайызы, жылу трассаларының 2134 шақырымы немесе 84 пайызы, электр желілерінің 19782 шақырымы немесе 85 пайызы, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 3185 шақырымы немесе 85 пайызы дайын. Дегенмен 2 қыркүйектегі жағдай бойынша 190 қазандықта жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Олардың 32-сі - Жамбыл, 17-сі - Маңғыстау, 15-і - Шығыс Қазақстан, 13-тен - Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан, 12-сі - Қарағанды, 10-нан - Ақтөбе, Батыс Қазақстан, 8-і - Атырау, және 7-ден - Қостанай мен Қызылорда, сонымен қатар Алматы қалаларына тиесілі. Ал білім беру нысандарының 9739-ы немесе 99 пайызы, денсаулық сақтау нысандарының 6510-ы немесе 95 пайызы, әлеуметтік нысандардың 3930-ы немесе 95 пайызы, тұрғын үйлердің 32393-і немесе 85 пайызы жылу маусымына сақадай сай. «Негізінен дайындық белгіленген жоспар бойынша жүргізілуде. Дегенмен білім беру нысандары бойынша оқу жылының басында 98 нысан дайын емес», - деген ол жылу маусымына дайын емес өңірлер қатарында Алматы, Астана қалаларын, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарын атады.
Агенттік төрағасының атап өтуінше, жылу маусымын тұрақты өткізу мақсатында ел Үкіметінің резервінен Шығыс Қазақстан облысының жылу көздеріне отын сатып алу үшін 236 млн. теңге бөлу туралы Үкімет қаулысы қабылданған. Ал Ақмола облысы бойынша қаулы жобасы Премьер-Министрдің кеңесіне жіберілген. «Жамбыл және Қызылорда облыстарының жылу көздерінде отын қорын құру мәселесі шешілмей тұр. Бұл мақсаттарға сәйкесінше 126 және 860 млн. теңге қаржы қажет. Өтінім Қаржы министрлігінің қарауында», - деді С.Нокин.
1,2 млрд. текше метр газ қарызға алынбақ
Қыстан қысылмай шығу үшін қажетті отындардың бірі газ екендігі даусыз. Өткен жылдың жылу маусымында осы көгілдір отынның 800 млн. текше метрін ресейлік «Газпром» компаниясынан қарызға алған болатынбыз. Ал осы қарызды қайтару жұмыстары осы айдың 1-інен бастап қолға алынып отыр. Міне осы жайттарды егжей-тегжейлі түсіндірген ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Біз «Газпроммен» сәйкесінше келісімге қол жеткіздік. Осы жылдың 1 қарашасына дейін қарыз жабылатын болады. Ал, ағымдағы жылы жылыту маусымын газбен қамтамасыз ету үшін біз қытайлықтармен, сәйкесінше «Газпроммен», өзбектермен 1,2 млрд. текшеметр газ қарызға аламыз деп уағадаластық», - деді.
Министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта республикада газ тұтыну көлемі артып келеді. Ағымдағы жылы қарызға алынғалы отырған газдың 500 млрд. текшеметрі 2012 жылы жылыту маусымына, ал келесі жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында қалған 700 млн. текше метр тұтынылатын болады.
Қазақстан мен Эстония іскерлік көкжиегін кеңейтпек
Осы аптада алыстан арнайы ат арытып келген Эстония Республикасының Премьер-Министрі Андрус Ансип қазақстандық әріптесі Кәрім Мәсімовпен Қазақстан-Эстония іскерлік топтарының бизнес-форумына қатысып, көлік, транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынасы достық пен ынтымақтастықтың қағидаттарына негізделген. Қазақстанда 54 бірлескен кәсіпорын сауда, қаржы және азаматтық құрылыс салаларында табысты қызмет етуде. Міне осы жайттарға кеңінен тоқталып өткен К.Мәсімов: «Әрине, бұл көрсеткіш біздің әлеуеттерімізді толық көрсетіп отырған жоқ. Ендеше, бүгінгі форум біздің өзара тиімділікке ұмтылысымызға септік болып, біздердің іскерлік орталарымызға да зор мүмкіндіктер ұсына алады», - деп атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның Эстониядан инновациялық технология тартуға қызығушылық танытатынын жеткізіп, көлік, авиация тасымалы секілді дәстүрлі ынтымақтастықтан бөлек, Эстонияның «жасыл экономикаға», энергия үнемдеу технологияларына қызығушылық танытатындығын жеткізді. Өз кезегінде Қазақстан Эстонияның Орталық Азиядағы ең жақын әріптесі екендігіне ерекше тоқталған Андрус Ансип жоғарыда аталған салаларды эстондық кәсіпорындар өз тәжірибелерімен қазақстандық тараппен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
Айта кетерлігі, 2001 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта Эстонияның Қазақстанға салған жалпы инвестициясының ауқымы 45,7 млн. долларды құрайды. Оның ішінде 2012 жылдың алғашқы тоқсанындағы инвестиция 28,9 млн. долларға жеткен. Сондай-ақ 2011 жылы елдер арасындағы тауар айналымы біршама төмендеп, 63 млн. долларды құраған. Бұл ретте экспорт 37,8 млн. долларға, ал импорт 25,2 млн. долларға тең. Аталған көрсеткіш 2010 жылға қарағанда 15,4 пайызға төмен.