Осы арқылы қазақстандық қоғамды ақпараттандырудың одан әрi дамуын қамтамасыз ету көзделеді.
Заң жобасында негiзгi ұғымдардың мәнi ашылып, ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң қағидаттары, мақсаттары мен мiндеттерi айқындалып отыр. Осыған орай, заң жобасы аясында Үкіметтің веб-порталын белсенді іске қосып, ақпараттандырудың сервистік моделін, архитектуралық қадамдарын енгізу көзделеді.
«Біріншіден, «ашық Үкiмет» құру арқылы мемлекеттiк органдардың жұмысы халыққа ашық бола түседі, бұл мемлекетке сенiмді арттырады. Екiншiден, ақпараттандырудың сервистiк моделi енгiзілгендіктен, шағын және орта бизнес дамиды, IT-компаниялардың өнiмдерiн сату мүмкiндiгi жоғарылайды. Мұнымен қатар, бұл салада қазақстандық үлес артады. Сонымен қатар, сервистiк модельдi енгiзу бюжет қаражатын үнемдейдi. Серверлер, бағдарламалар және оларды қолдау жұмыстары жеке-жеке сатып алынбайды. Бұдан бөлек, мемлекеттiк органдардың интернетпен жұмыс жасау қауiпсiздiгiнiң деңгейi жоғарылайды», - дейді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.
Оның айтуына қарағанда, халықтың сауаттылығын арттыру барлық мемлекеттiк органдардың жауапкершiлiгiне кiріп, бұл жалпы мемлекеттiк шараға айналады. Яғни, түйіндей айтқанда заң жобасы аясында шешімін табуы тиіс басты міндет - жұртшылықты күнделікті өмірде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға ынталандыру болып отыр. Сонымен қатар, құжатта мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуін реттеу, мемлекеттік органдар қызметін автоматтандыру есебінен бюрократтылық пен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету көзделеді. Заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестігі барысында уақыт шығындарын, құжаттар санын қысқартып, олардың арасындағы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату қарастырылады.
«Әлемде күн сайын технологиялар өзгерiс үстінде. Осыған байланысты заңнамалық базаны жаңалап отыру - заман талабы. Бiз де осы мақсатта заң жобасын әзірлеу барысында Корея, Аустралия, Сингапур, Канада, Финляндия, Малайзия сияқты елдердiң ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы тәжiрибесiне сүйендiк», - дейдi министр Әсет Исекешев.