Үкімет асыл тастарға сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйымды айқындау және оларды әкелу-әкетудің қағидаларын бекітті

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы №1479 қаулысымен асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйым айқындалды.

Бұдан басқа, асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидалары бекітілді.

***

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы№1479

2012 жылғы 23 қараша , Астана, Үкімет Үйі

Асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйымды айқындау және асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету, Кимберлий үдерісінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмасты Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету, сондай-ақ бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды таңбалау қағидаларын бекіту туралы

«Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын бірыңғай тарифтік емес реттеу туралы» Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) 2009 жылғы 27 қарашадағы № 19 шешімін орындау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 120 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы асыл тастарға, оның ішінде өңделмеген табиғи алмастарға және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға сараптама жүргізу жөніндегі уәкілетті ұйым болып айқындалсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидалары;
2) Кимберлий үдерісінің сертификаттау схемасын ескере отырып, өңделмеген табиғи алмасты Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету қағидалары;
3) Бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды таңбалау қағидалары бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кедендік бақылау комитетi асыл тастарды, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды, сондай-ақ өңделмеген табиғи алмастарды кедендік декларациялау және кедендік тазарту орнын айқындасын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы №1479 қаулысымен бекітілген

Қаулының толық мәтіні бүгін республикалық БАҚ-да жарияланады.