Үкімет басшысы 1 қазанға дейін жылу электр орталықтарын отын қорымен қамтамасыз етуді тапсырды
«Барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Энергетикалық кәсіпорындармен бірлесіп, қысқа мерзімде жылыту маусымына даярлық паспорттарын алуды қамтамасыз етіңіздер», - деді Ә. Смайылов.
Үкімет басшысы 1 қазанға дейін барлық жылу электр орталықтары мен дербес жылу беру көздерін нормативтік деңгейде отын қорымен қамтамасыз етуді тапсырды. Отын тапшылығына жол бермеу үшін көмір жеткізушілермен белсенді байланыс жасап, тұрақты мониторинг жүргізіп отыру қажет.
«Кәсіпорындардың газ бен көмір үшін, ал тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешектерін өтеу бойынша жұмысты күшейту қажет. Жалпы, Энергетика және Индустрия министрліктері барлық объектілердің жылыту маусымына дайындығы бойынша жұмыстың аяқталуын бақылауды және оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында болады», - деді Премьер-Министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет басшысы көмір бағасының күрт өсуіне жол бермеу керек екенін тапсырды .