Үкімет басшысы 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы мен жабылуын елордада өткізуді ұсынды

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астана қаласында салынып жатқан құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 2011 жылы елімізде өтетін Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы мен жабылуын елордада өткізуді ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Осыған орай Туризм және спорт министрлігі мен қала әкімдігі бұл мәселені қарастырып, Азия ойындары бойынша комиссияның қарауына енгізіңіздер», -деді Премьер-Министр. Бұдан бұрын хабарланып жүргендей, Қазақстанда өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты 2011 жылғы қаңтардың 30-ында Астанадағы жабық футбол стадионында, жабылуы және туды беру рәсімі 2011 жылғы ақпанның 6-сында Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында өткізу жоспарланған еді. Қысқы Азия ойындарына құрлықтың 30 мемлекетінен 2 мың 500 спортшы қатыспақ. Бүгінде Азия ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін Ұйымдастыру комитеті мен оның атқарушы дирекциясы құрылған. Сондай-ақ 11 спорт түрінен 59 медаль жиынтығы сарапқа салынатын аталған дүбірлі доданың бағдарламасы жасалған. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, Қысқы Азия ойындарына дайындық аясында елордада коньки тебу стадионының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ шілде айында жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін «Қазақстан» спорт сарайын қайта жөнедеу жұмыстары басталмақ.