деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысының пікірінше, бұл аса күрделі міндет, себебі аталмыш құжаттарды дайындайтын мерзім аса қысқа, ал қойылып отырған міндеттің жүгі ауыр. «Алайда бұл келісімдер ратификацияланғаннан кейін ұлттық заңнамадан жоғары тұратын болады. Сондықтан да біздің ұлттық мүдделерімізді қорғай алу үшін бұл тұста ешқандай да қателіктерге жол беруге болмайды», деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы осы орайда министр Рашид Түсіпбековке Кеден одағының және Біртұтас экономикалық кеңістіктің құжаттарымен жұмыс істейтін тұрақты жұмыс тобын айқындауды тапсырды. «Бұған дейін бізде ықпалдастық бірлестіктер көбінесе ұсыныстық сипатта болды: кездесіп, келіссөздер жүргізіп, резолюция қабылдайтын. Содан кейін, сайып келгенде, оны ешкім де орындамайтын», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Кеден одағы мүлдем басқа құрылым. Ол көптеген өзара іс қарым-қатынастарды түбегейлі өзгертеді. Мәселен, Қазақстанның да, Беларустың да, Ресейдің де Үкіметі кедендік баж салықтарын өз беттерінше бекіте алмайды. Енді бұл мәселе Кеден одағының құзырында.
Үкімет басшысының пайымдауынша, Біртұтас экономикалық кеңістік құрылғасын көптеген функциялар түбегейлі өзгеретін болады. «Осының барлығы Қазақстанның өз өндірісін, өз индустриясын дамытып, тауарларын 170 млн. адамдық нарыққа сата алуы үшін жасалып отыр. Мақсат - өз өнімдерімізді жақын нарықтарға ешқандай кедергісіз сату. Бұл өте маңызды мәселе. Оны құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды», деді ол.