«Ғарыш мәселесіне тоқталатын болсақ, былтырғы жылдың желтоқсанында «Жол картасына» қол қойылған болатын. Осының аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 15 cәуірде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мәскеуде өзінің әріптестерімен, яғни Ресей Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен және Беларусь Үкімет басшысы Михаил Мясниковичпен кездеседі. Онда Еуразиялық экономикалық одақ төңірегінде, сондай-ақ аталған «Жол картасы» аясында жұмыстар бүгінде қандай жағдайда атқарылып жатқанын талдауға ұсыныс жасадық. Қазіргі кезде осы ұсынысты Ресей тарапы қабылдады», - деді бірінші вице-премьер.
«Ал өтемақыны қашан төлейді деген мәселеге тоқталатын болсақ, ол «Жол картасының» төңірегінде қаралып жатыр», - деп тоқталды Б. Сағынтаев.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы 2 шілдеде Байқоңырда «Протон-М» зымыран-тасығышының құлауы салдарынан келтірілген шығын үшін Қазақстан тарапы Ресейге өтемақы төлету мәселесін көтерген болатын.
Сонымен қатар 2013 жылдың аяғында «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану туралы «Жол картасы» қабылданған еді.
«Атап айтқанда, бұл құжат Ресейге қарағанда негізінен бізге қажеттірек. Ондағы 26 тармақтың ішінде 24-і Қазақстанның мүддесіне арналған. Осы орайда биыл біз 22 тармақты міндетті түрде орындауымыз керек, ал бұның 8 тармағы бірінші тоқсанда іске асырылуы тиіс», - деп нақтылап өткен еді Б. Сағынтаев ақпан айында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.