Үкімет басшысы әскери және мемлекеттік қызметкерлерге жаңа пәтер кілттерін тапсырды
12:17, 25 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысында жұмыс сапармен жүрген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін 29-шы шағын аудандағы жаңа 100 пәтерлі №31 үйдің тұрғындарына пәтер кілттерін тапсырды. Атап айтсақ, жаңа үйден өткен жылы үшемдер дүниеге келген екі отбасы да пәтер алды.
Муниципалдық тұрғын үй Ақтау қаласы бойынша әлеуметтік үй кезегінде тұрған әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жаңа пәтерге ие болған тұрғындардың атынан сегіз баланың әкесі, облысқа танымал айтыскер-ақын, жыршы Қамбар Оразов Үкімет басшысына алғысын білдірді. «Мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығын көзіміз көріп, көңіліміз қуанып отыр. Елбасының салиқалы саясатының арқасында ел дамуындағы кездескен қиындықтарды еңсеріле отырып қол жеткізілген әлеуметтік оң аухалға куәміз.Сіз және Сіз арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Маңғыстау жұртшылығының тілекші болып отырған дауысын жеткізуіңізді сұраймыз», - деді ол.Салтанатты рәсімнен кейін Үкімет басшысы К.Мәсімов жаңа пәтерлерді аралап көрді және Қ.Оразовтың үйінде болып дастарқаннан дәм татты, үй иелеріне құтты болсын айтып, халқымыздың жоралғысымен укөрімдік ұсынды. Бес қабатты жаңа ғимаратта 20 ? 1 бөлмелі, 50 ? 2 бөлмелі, 20 ? 3 бөлмелі және 10 ? 4 бөлмелі пәтерлер бар. «Аджип ККО» компаниясының демеушілік қаржысына салынған әлеуметтік нысанның тапсырыс берушісі ? Маңғыстау облысының әкімдігі. Мердігері - «Мехқұрылыстранс» ЖШС-і. Барлық инфрақұрылымдары тартылып, құрылысы толықтай аяқталған тұрғын үй таяуда ғана пайдалануға берілген болатын.