Үкімет басшысы Астанадағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үй кешендері құрылысының барысымен танысты

зАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов  Астанада салынып жатқан бірқатар ірі  әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үй кешендерінде  болып, олардағы құрылыс барысымен танысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  Атап айтқанда, Премьер-Министр елордадағы Мұз  айдыны  стадионының құрылысын аралап көрді. 9 мыңғдай  адамға арналған стадионның құрылысын   2010  жылдың маусымында,  2011   жылғы  Азиада   ойындарының  алдында  аяқтау жоспарланып отыр.    Жобаның бас мердігері - «Сембол У.Я.Т.Т.П. Иншаат» акционерлік қоғамы. Нысанның инвестициялық құны 10 923 миллион теңгені құрайды.

   Астанадағы құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері 3 мың 500 орындық Әмбебап киноконцерт залында болды. Жалпы құны 28 303 миллион теңгені құрайтын  нысанның бас мердігері - «АФФ «Kruger Hoch & Tiefbau GmbH» ЖШС. Киноконцерт залын 2009 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Базис-А» корпорациясы салып жатқан «Шабыт» шығармашылық сарайының құрылысын аралады.  Сарайдың құрылысын толығымен 2009 жылдың соңында тапсыру белгіленіп отыр. Мұнымен қоса, комиссия мүшелері «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы құрылысының барысымен танысты. Инвестициялық құны 232 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаның мердігері - «Сембол У.Я.Т.Т.П. Иншаат» АҚ.  Бұл нысанды құрылысшылар биылғы жылдың желтоқсанында тапсырмақ.