Үкімет басшысы Астанадағы жалпықалалық сенбілікке қатысты

СТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астана аумағын абаттандыру және тазарту бойынша экологиялық айлық аясында өткізілген жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Үкімет Басшысы мен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы Тәуелсіздік даңғылының бойына ағаш көшеттерді отырғызды.

«Астана-Зеленстрой» АҚ-ның бас директоры Жарқын Жұмағұловтың айтуынша, аталмыш учаскіде Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, елорданың ауа райы жағдайына және топырағының ерекшелігіне бейімді - тал мен үйеңкінің барлығы 440 көшетін отырғызатын болады.

«Жалпы алғанда, қалада 300 метр «жасыл белдеу» жасалып, 1833 ағаш отырғызу көзделуде. Оның 197-і - Сарыарқа, 1000-ы - Алматы және 600-ден астамы - Есіл ауданында бой көтеретін болады», - деді Ж.Жұмағұлов.

Әкімдіктің мәліметтеріне сәйкес, сенбілікке 73 мың тұрғын, 460 автокөлік пен арнайы техникалар жұмылдырылылуда.