Үкімет басшысы ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысын сынға алды

Фото: None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстандағы ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту мәселесі қаралды. Кеңеске агробизнес өкілдері мен еліміздің оңтүстік аймақтары әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барғандығын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Қазақ агроөнеркәсіпкешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Ғалия Әкімбекова Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперацияларының жағдайымен таныстырды.

«2015 жылдан бері ауылшаруашылық өнімін өндірушілермен, әкімдіктермен және ауыл шаруашылығы басқармаларымен ауылшаруашылық кооперацияларын құру және оларды ғылыми сүйемелдеу бойынша жұмыстар жасап келеміз. Әрбір ауылдық округте ауыл шаруашылығы кооперацияларын құруға ниеті барларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде екі жыл ішінде 180 кооператив құрылды. Кооперативтердің бағыттары әртүрлі, соның ішінде жеке қожалықтарды, сондай-ақ жүн мен сүт қабылдау пункттерді, мал соятын орындарды, азық-түлік сақтау орындарын біріктіру бар. Көпфункционалды кооперативтер де бар, олар өндіріспен ғана айналысып қоймай, өндірістің негізгі құралдарымен, сервистік қызметтермен қамтамасыз етеді», - деді Ғалия Әкімбекова.

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту ерекшелігіне тоқталған Институт өкілі, егжей-тегжейлі жұмыстың жүргізілгенін атап өтті.

«Кепілдік мүліктердің бар-жоғын, ауданның мүмкіндігі қандай екенін, яғни кооператив құруға болатын, я болмайтынын анықтау  үшін  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, әкімдіктің, қаржылай қолдау қорының, салық және жер органдарының өкілдерімен әрбір ауылдық округті араладық», - деді Ғ.Әкімбекова.

Жалпы, оның айтуынша, Қазақстанда ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту стратегиясы әзірленген.

Өз кезегінде Министрлер кабинетінің басшысы кооперативтерді құру мәселесінде түйіткілдер әлі жетіп-артылатынын атап өтті.

«Ең басты мәселе - сату, біз ауыл шаруашылығы кооперативтерін сол үшін де құрып жатырмыз. Зауыттар шикізатпен толық көлемде қамтылуы керек. Тіпті 80-90% болса да өз өнімімізді ішкі тұтыну көлемі бірден артады.  Зауыттар әзірге тұралап тұр. Шын мәнісінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қатысты мәселе әлі де көп. 10 ай ішінде республика бойынша жоспарланған 326-ның орнына 745 кооператив құрылды. Бұған қарап, ауыл шаруашылығының өсімін көруіміз керек сияқты. Санға емес, сапасына мән беру керек. Егер осынша кооператив құрсаңыздар, ауыл шаруашылығындағы жалпы ішкі өнімнің артуы неге байқалмайды?», - деді Бақытжан Сағынтаев.

 

Соңғы жаңалықтар