Үкімет басшысы азамат жұмысынан айырылған жағдайда оған мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақыны 6 айға созуды тапсырды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне азамат жұмысынан айырылған жағдайда оған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік жәрдемақыны 6 айға созу туралы тапсырма берді.

Ол бұл тапсырманы бүгінгі Үкімет отырысы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрліктеріне жүктеді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрліктері бір аптаның ішінде дағдарысқа қарсы бағдарламада жасағанымыздай тұрақты негізде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыстан айыру бойынша төленетін жәрдемақыны 4 айдан 6 айға созу үшін барлық нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді тапсырамын. Яғни, біз дағдарыс кезінде жасаған жұмыстарымызды одан әрі жалғастыруымыз қажет»,- деді Үкімет басшысы.