Үкімет басшысы азық-түлік бағасы өсімінің алдын алу үшін жедел топ құруды тапсырды

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов азық-түлік бағасы өсімінің алдын алу үшін жедел топ құруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке орай кейбір азық-түлік өнімдері бағасының өсу үрдісі байқалып отыр. Меніңше, бұл тұрғыда сәл босаңсу бар секілді», деді Үкімет басшысы.

«Яғни, біз азық-түлік бағасы бойынша мәселелерді дағдарыс кезінде де табысты атқарып, оң шешімдер жасаған едік», деді К. Мәсімов.

Осыған байланысты Премьер-Министр бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен экономика даму және сауда министрлігінің, ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен жедел топты құруды тапсырды.

«Бұл шараларды қарастырыңыздар. Алдағы сейсенбіде Үкімет отырысы мен селекторлық кеңесті бірге өткіземіз. Осы тұрғыда жиында әкімдер мен тиісті министрліктерді тыңдайтын боламыз», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар бәсекелестікті қорғау агенттігіне бұл жайтты зерделеу керектігіне тоқталған Премьер-Министр, «Азық-түлік, жанар-жағармай және басқа да осы тұрғыдағы мәселелерді қарастыру қажет», деді К. Мәсімов агенттік төрағасы Мәжит Есенбаевқа қаратып айтқан сөзінде.