Үкімет басшысы Серік Ахметовтің айтуынша, биылғы егін жинау науқаны түрлі климаттық жағдайларға байланысты жылдағыдан ұзаққа созылатын түрі бар. Еліміздің көптеген өңірлерінде 1 айдан астам уақыт толассыз жауған жаңбыр егіннің дер кезінде пісуіне кедергі келтірді, оның үстіне жиналған бидайды кептіруге де қосымша жанармай қажет болмақ.
«Өткен айда өңірлерге жанармай жеткізу жоспары 35 пайызға ғана орындалды. Ал осы айда олардан бізге келіп түскен өтініш те, төлем де жоқ. Мен өткенде бұл үдерісті тездетуді өтінген едім. Басы артық жанармай зауыттарда сақталып тұр. Оларды тездетіп бөлінген жерлеріне жөнелткеніміз дұрыс», - деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.
«Егер де қандай да бір өңірде жанармайға деген сұраныс жоқ болса, онда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, артық қалған жанармайды басқа өңірлерге бөліп беру жағын ұйымдастырыңыздар», - деді С. Ахметов Ұ. Қарабалинге қарата.