Үкімет басшысы «BAYAN компаниясының» технологиялық үдерісімен танысты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жезқазғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған «BAYAN компаниясы» ЖШС мамандандырылған өнімдер шығаратын өндірістік кәсіпорнына барды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Бақытжан Сағынтаев объектіде азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша технологиялық желілер жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-Министрге кәсіпорынның ғылыми әзірлемелері туралы баяндалып, осында шығарылатын өнімдердің сұрыпталымы таныстырылды.

«BAYAN компаниясы» ЖШС бас директоры Ә. Ысқақова кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 150 млн теңгеден астам сомаға, жылына 143,5 тонна өнімді құрайтынын мәлімдеді. Зауытта ірімшік және қышқыл сүт өнімдері, шырындар, сарысулы сусындар мен ішетін йогурттер шығарылады.

Өнімдер түсті металлургия кәсіпорындарының өндіріс алаңдарына, Жезқазған мен Сәтпаевтың сауда орындарына, сондай-ақ Ресей Федерациясының нарығына (Иркутск, Красноярск, Омбы, Барнаул, Новоалтайск) жеткізіледі.

 Анықтама: «BAYAN» мамандандырылған азық-түлік өнімдерін шығаратын цехы 2015 жылы Қарағанды облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында пайдалануға берілді. Жалпы алғанда облыста Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы 771,4 млрд теңге сомасына 11 520 жұмыс орнын ашумен 103 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 84 жоба жүзеге асырылып, инвестициялардың жалпы көлемі 252,1 млрд теңгені құраған. Кәсіпорындарда 6432 жұмыс орны ашылған.

Соңғы жаңалықтар