Үкімет басшысы БҚО-дағы тасқын судың зардаптарын жоюға байланысты атқарылған істерді оң бағалады

Л. 19 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кеше, 18 мамыр күні кешкісін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Орал қаласында болып, бесінші шағынаудандағы жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар құрылысы барысымен танысты.

Үкімет басшысы өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың, сонымен қатар жауапты мекемелер мен мердігер компаниялардың есебін тыңдап, осыған орай нақты тапсырмалар берді, сонымен қатар тасқын судың зардаптарын жоюға байланысты атқарылған іс-шараларды оң бағалады. Облысқа бөлінген қомақты қаржының мақсатты әрі әділ жұмсалуы қажет екендігін баса айтқан Премьер-Министр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғандығын атап көрсетті.

Су тасқынынан зардап шеккен батысқазақстандықтардың мейлінше қысқа мерзімде қатарға қосылып, қалыпты тіршілікке оралуы үшін барлық қажетті қам-қарекет жасалуда. Жиын барысында сөз алған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев алдын ала есеп бойынша облыстағы су тасқынынан келген шығын көлемі 19 млрд. теңгеге бағаланғанын, ал сарапшылардың тыңғылықты тексерулерінен соң 17 млрд. 372,8 млн. теңгені құрап отырғандығын мәлім етті.

-Тілсіз жау келтірген залалды жою үшін Үкіметтің төрт қаулысы қабылданғаны белгілі. Тасқыннан соң жедел түрде республикалық қордан 870 млн. теңге бөлінген болатын. Барлық облыстар, Астана, Алматы қалалары әрқайсысы 100 млн. теңгеден аударды. Сонымен қатар республикалық қордан төтенше жағдайға бағытталатын қаржыға қоса үкімет қорынан 6 млрд. 680,8 млн. теңге бөлінді. Ұлттық компаниялар 5 млрд. теңге, облыс әкімдіктері 1,5 млрд теңге бөлді. Бүгін облыс басшысымен бірге Зеленов және Тасқала аудандарында болып, құрылыс барысымен таныстым. Мердігерлер қолға алған істерін тез әрі сапалы атқарып жатыр, - деді Ө.Шөкеев.

Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мәлімдеуінше, құрылыс және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қажетті 17 млрд. 372,8 млн. теңге тұтастай келіп түскен. Оған қоса «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «ҚазТрансГаз» компанияларынан 3 млрд. теңгеден астам қаржы аударылған. Ал Батыс Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының есепшотына 1,9 млрд. жуық теңге, «Ақжайық» жеке қорының есепшотына барлығы 189 млн. теңге жиылған.

-Орал қаласында тілсіз жау құрсаулаған 251 жеке және 30 көппәтерлі үй тексеруден өтті. 80 жеке, 30 көппәтерлі үй бұзылғалы тұр. Саяжай аумағындағы 174 үй зардап шексе, соның 85-і бұзылуға, ал 89-ы күрделі жөндеуге жатады. 54 тұрғын үй әлі су астында қалып отыр, үш үйдің құжаты дұрыс болмағандықтан, рәсімделіп жатыр. Ондаған отбасының баспанаға еш құжаты жоқ. Саман тастан салып алған үйлерін су шайып кеткен, олармен тиісті мекемелер айналысуда. Қазіргі таңда 455 жаңа пәтер қажет. Жоспарланған нысандардың құрылысы толығымен және кестеге сәйкес жүріп жатыр. Оларға жергілікті мердігер компаниялар жұмылдырылып, су тасқынынан зардап шеккендер жұмысқа алынды, - деді Б.Ізмұхамбетов.

Алапат апат ең көп шығын әкелген Зеленов, Тасқала аудандары мен Орал қаласында жер аяғы кеңісімен басталып кеткен құрылыс жұмыстары тың қарқын алмаса, еш бәсеңдеген жоқ. Ағайынның адалдығы мен адамгершілігі сыналған осынау қиын-қыстау мезгілде «менің үй-жайым дін аман» деп жеке басты күйттеп тасаға тығылмай, керісінше қаржылай да, заттай да, тіпті адами қолдау да көрсетуден аянып қалмаған республика халқы қазір де тасқынның залалы тезірек жойылуына шын жүрегімен тілектестік танытуда. Жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын 232 тонна гуманитарлық көмек келіп жетті. Жанашыр жандар жағдайды ақпарат құралдары арқылы жаппай бағдарлап, бақылап отыр. Өмір бойы жиған-тергенінен әп сәтте-ақ айырылып, қу жанын шүберекке түйіп, бас бүтіндігін ғана ойлаған жұртшылық та мамырдың мамыражай күндері ес жиып, еңсесін тіктей бастады. Орал қаласы мен аудандардағы эвакуациялық орындарды 1096 адам паналауда, 13 жүкті әйел мен бір жасқа толмаған 117 бөбек дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Үкімет басшысының «эвакуациялық орындарды мекен еткен халыққа ең керегі тұрақты жұмыс» деген ескертуіне жауап қайтарған облыс әкімі кәсіпорын-мекемелерден 294 жұмыс орны ұсынылғандығын, 163 жұмыссыздың 113-інің құжаты дайындалып жатқандығын айтты. Ағайын айтып келмейтін апатқа түсіністікпен қарап, «қиын күндер артта қалды, енді күн суымай тұрып, жаңа баспанамызға көшіп алсақ» деп төзімділік танытып отыр. Тасқала, Переметный ауылдары мен облыс орталығындағы шағынауданда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялар да халықтың зор сенімін ақтау үшін тырысып бағуда.

Орал қаласында 510 пәтер, Тасқала ауданында 72 және Зеленов ауданында 106 пәтер пайдалануға берілмек. Орал қаласындағы бесінші шағынауданда жеті нысанның құрылысы қатар жүруде. Бәрінің де қадасы қағылып, іргесі құйылып қойған. Мәселен, «Болашақ» ЖШС жалпы құны 1 322,0 млн. теңгені құрайтын 1200 орындық мектеп ғимаратын салуда. Жұмысқа 44 адам мен 8 техника жұмылдырылған. «Әлім» ЖШС мердігерлік етіп отырған балабақша құрылысына 368,0 млн. теңге бағытталмақ. 290 балаға мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеменің қазір іргетасы құйылып жатыр. 25 адам мен 2 машина тартылған. Құрылысы басталып кеткен осы шағынауданданы келесі нысан - 290 орындық тағы бір балабақша. Қазір мұнда «Орионстройсервис» ЖШС-нің 43 жұмысшысы мен 10 дана техникасы қызу жұмыс үстінде. Бұдан өзге «Альтаир» ЖШС 240 пәтерлік тұрғын үйді, ал «Отделстрой», «Жайықауылқұрылысы» және «СВ » ЖШС-лерінің әрқайсысы 90 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысын қолға алды. Сондай-ақ бесінші шағынауданды абаттандыру және инженерлік желілермен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, қаржы қарастырылуда.

Инженерлік желілер мен абаттандыруды есепке алмағанда, бесінші шағынаудандағы жаңа нысандардың құрылысына 6 265,4 млн. теңге жұмсалмақ. Аудандардағы құрылысты жаңа оқу жылына, ал қаладағысын жылыту маусымына дейін аяқтау көзделіп отыр. Тек Оралдағы 1200 орындық мектеп қана 2012 жылы пайдалануға берілмек.