Үкімет басшысы «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмыспен қамтудың кешенді іс-шараларын қабылдауды тапсырды

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Серік Ахметов Білім және ғылым министрлігіне «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмыспен қамтудың кешенді іс-шараларын қабылдауды тапсырды.

«Біз бүгін расында маңызды мәселені талқыладық. Бағдарламаны іске асырудың алдағы бағыт-бағдарын айқындадық»,-деді С. Ахметов бүгін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асырудың қорытындылары талқыланған Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің пайымынша, «Болашақ» бағдарламасын тағайындау Елбасының тарихи шешімі. Қазақстанның білім беру саласындағы үлкен жетістігі. Бүгінде «Болашақтың» мыңдаған түлегі ел экономикасының әртүрлі салаларында еңбек етуде. Сондықтан да сапалы білім аламын деген дарынды жастарға қолдау жалғаса беретінін баса айтқан С. Ахметов: «Білім және ғылым министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмыспен қамту бойынша кешенді іс-шаралар қабылдасын. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономиканың даму басымдықтарының еңбек және еңбек нарығының нақты қажеттілігін ескере отырып, шетелге кадрларды даярлау жоспарын жасауды тапсырамын»,-деді.