Үкімет басшысы бюджет қаржысының орындалуын жіті бақылауда ұстауды тапсырды

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдағы Үкімет отырысында биылғы екінші жартыжылдықтың мақсат-міндеттері мен 2010 жылғы бюджеттің нақтыланған алдын ала жобасы қарастырылады. Бұл туралы бүгін биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Жалпы жартыжылдық бойынша нәтижелер жаман емес. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмалары орындалып келеді. Алайда өмір жалғасуда. Біз қол жеткізген нәтижелерді төмендетпеуіміз керек. Алда келесі алты айдың мақсат-міндеттері тұр», - деді К.Мәсімов.

Премьер-Министр тамыздың орта кезіндегі келесі Үкімет отырысында биылғы екінші жартыжылдықтың мақсаттары мен 2010 жылдың бюджетінің нақтылануы мүмкін жобасын қарастыру жоспарланып отырғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, Үкімет басшысы алда бірқатар міндеттер тұрғанын жеткізді. Бұл Қазақстанда өтетін ЕҚЫҰ саммиті, алдағы Азиада, жыл соңындағы Индустриялдық-инновациялық бағдарламаның екінші жартысы бойынша атқарылатын жұмыстар, екінші жартыжылдықтағы Жол картасы, «2020 Бизнестің жол картасы» міндеттері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау бағдарламаларын қабылдау мәселелері тұрғанына тоқталды. Мұнымен қоса, Үкімет басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін бюджеттің орындалуының жіті бақылауда болуына назар аударуды жүктеді.

«Біз осы аптада бұл мәселені талқылаймыз. Осыған қоса, бюджеттің игерілмеуін нақтылап қарап шығыңыздар. Себебі, бюджеттік ресурстардың орындалмауы - әділетсіз», - деп қадап айтты К.Мәсімов.