Үкімет басшысы депутат көтерген мәселеге орай мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берді

АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -  Алдағы уақытта түйінді мәселелерді жан-жақты зерделеп, бірлесе қарастыру үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралатын жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берілді.

Бұл жөнінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырза мәлім етті. Үкімет басшысы осы мәліметті қыркүйектің 29-ы күні Мәжіліс депутаты Жақып Асановтың жолдаған сауалына берген жауабында жазған. Депутат өз сауалында жастар тәрбиесіне қатысты мәселе көтерді. Депутатты қолдап бірнеше әріптестері қол қойды. Бүгін Мәжіліс депутаттарының атына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтен жауап келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру - еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының атқарар басты міндеттерінің бірі екенін жазады.

Депутаттың көтеріп отырған мәселесі бүгінгі күнде өзекті екенін айта келіп,  аталған бағытта мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

«Ағымдағы жылы елімізде халықтың денсаулығын сақтау саласын жетілдіруге, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне түзетулер енгізіліп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бекітілді. Сонымен қатар Елбасының тапсырмасына орай Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекс қабылданды.

Аталған заңнамалық құжаттардың мақсаты - еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, азаматтарға медициналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ Сіздер көтеріп отырған мәселелерді реттеуге бағытталған.

Аталған жұмыс тобының міндеті - мәдени-демалу орындары мен спорттық мекемелер қызметін дамыту, түнгі демалу орындарының қызметін реттеу, жастардың бос уақытын өткізуін тиімді үйлестіру мәселелерін қарастыру болмақ»,- депті өз жауабында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.