Онда депутат Қараөткел (Ильинка кенті) ауылы Астанадан 18 шақырым жерде болғанымен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы сын көтермейтінін айтты. Ауылда емхана, аурухана, клуб, кітапхана, балабақша жоқ екенін, автобус қатынасының да тұрғындардың көңілінен шықпай отырғанын жеткізді. Үкімет басшысына сайлаушылардың бірнеше талабы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жуырда депутат сауалына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзадан жауап келді.
Үкімет басшысы ағымдағы жылдың басында Астана қаласы маңында орналасқан Ақмола облысының елді мекендерінің бүгінгі таңда орын алып отырған проблемаларын кешенді түрде шешу мақсатымен құрамына мүдделі мемлекеттік органдар кіруі көзделген ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
«2010 жылдың ақпан айында құрылуы белгіленген аталмыш комиссияның құзырына:
- Үкімет тарапынан әзірленіп жатқан елдің аумақтық-кеңістік дамуының болжамдық схемасының жобасында астаналық агломерацияны құрудың теориялық негізін (жеке бөле отырып) анықтау;
Астана қаласының маңындағы ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатысты бұған дейін қабылданған стратегиялық жоспарға республикалық және жергілікті (Ақмола облысы мен қала маңындағы аудандардың) бюджеттерде іске асырылуы қарастырылған инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жобаларын қаржыландыруды және бүгінгі таңда орын алып отырған проблемаларды кешенді түрде шешуге бағытталған нысаналы индикаторлар мен міндеттерді енгізу;
- еліміздің 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі 2009-2012 жылдарда орындалуы көзделеген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде аталған аймақтың тұрғын-үй және инфрақұрылым құрылыстарын жоспарлаудың кешенді схемасын әзірлеуге арналған бюджеттік өтінімді республикалық бюджет комиссиясының қарауына дайындау сияқты іс-шаралар кіретін болады.
Қазіргі таңда Астана қаласы маңындағы облыстың Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарына қарасты 16 елді мекенде, оның ішінде Қараөткел ауылын қоса алғанда, білім беру, денсаулық сақтау және халықтың тұрмысына қажетті нысандарды салу және қайта жөндеу жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесі анықталуда.
Аталған тізбе дайындалғаннан соң ол республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына енгізілетін болады.
Бұнымен қоса:
- Қараөткел ауылында республикалық бюджет қаражатының есебінен 1200 орындық орта мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып, ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу мен оны жергілікті жерге бейімдеу жұмыстарына 18 млн. теңге бөлінді.
Қолданысқа тапсырылуы 2012 жыл болып белгіленген мектеп құрылысының жобаалды жұмыстары жүргізіліп, жер телімін бөлу шаралары іске асуда;
- «Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел кентінің электр энергиясымен қамтамасыз ету желісін және электр энергиясымен қамтамасыз ету нысандарын салу және қайта жөндеу» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражатты бөлу құжаттары республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына енгізілуге дайындалуда.
Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шаралар аясында Сіздің депутаттық сауалыңызда көрсетілген проблемалардың шешілу жолдары толықтай ескерілген және құзырлы мемлекеттік органдардың бақылауында болады.
Ал, Қараөткел ауылын Астана қаласының «Үркер» ықшамауданымен біріктіру мәселесі келешекте, жоғарыда аталған іс-шаралардың нәтижелерін ескере отырып, жергілікті өкілетті органдардың шешімі түскен жағдайда қарастырылатын болады» делінген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің депутаттың сауалына берген жауабында.