Үкімет басшысы электрондық қызмет көрсету көрсеткіші мен халықтың компьютерлік сауаттылығы арасындағы алшақтықты еңсеруді жүктеді

None
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов электрондық қызмет көрсету көрсеткіші мен халықтың компьютерлік сауаттылығы арасындағы алшақтықты еңсеруді тапсырды.

«Электрондық қызметтерді көрсетуді алға жылжыту мен оны пайдаланушылар саны арасындағы алшақтықты қалай еңсеруге болады. Бізде 2012 жылы халықтың 51 пайызы бұл қызметті пайдалануға қауқарлы болған екен. Яғни, халықтың жартысы»,-деді С. Ахметов.

Осы орайда ол Электрондық үкімет тұрғысында қызмет көрсетулер деңгейін алға жылжытудың қарқыны жоғары екендігін жеткізді. «Атап айтқанда бізде бұл қызметтерді құру мен пайдалану арасында алшақтық орын алуда»,-деп нақтылап өтті Премьер-Министр.

Өз кезегінде ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев халықтың арасында компьютерліік сауаттылықтың деңгейін 80 пайызға жеткізу 2020 жылға қарай көзделгенін сөз етті. Алайда, оның пайымдауынша, бұл көрсеткішке қысқа мерзімде қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұған қоса А. Жұмағалиев 2013 жылы электронды қызметтер санын 12 млн.-ға жеткізу қарастырылғандығын атап өтті. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы еліміз халқының басым көпшілігі тек ХҚКО қызметтерін пайдаланатынына тоқтала келе, «Жоғарыда аталған алшақтықты төмендету үшін бізге қалай дұрыс жоспарлау керек болады? Электрондық қызметтерді ұсыну бойынша жағдай жасау аясында алда келе жатырмыз. Осы орайда еліміздің басым көпшілігі электронды қызметті барынша пайдалануына қалай қол жеткізуге болады?»,-деп сұрақты төтесінен қойды.

Бұл тұрғыда С. Ахметов Көлік және коммуникация министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесе осы бағытта тиісті шараларды қарастыруды жүктеді. Үкімет басшысының пайымдауынша, 2020 жылға қарай компьютерлік сауаттылықты 80 пайызға жеткізу - бұл төмендетіліп көрсетілген жоспар.

Сөз соңында минстр А. Жұмағалиев аталған мәселе бойынша тиісті жоспар бар екенін және оны келісу үшін Үкіметке ұсынуға дайын екендігін тілге тиек етті.