19:01, 25 Наурыз 2009
Үкімет басшысы «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат. Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ Басқарма төрағасы Евгений Дод бастаған компанияның бір топ өкілдерімен кездесті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа Үкіметтің баспасөз қызметінен.Кездесу барысында «Самұрық-Энерго» АҚ мен «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, атап айтқанда, үшінші энергоблокты орнату арқылы Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту және қайта жөндеу жобасын іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды.Е.Дод «экономикадағы дағдарыстық белгілерге қарамастан, өзара қарым-қатынас деңгейі тұрақты әрі үйлесімді тұрғыда дамуда екенін, Екібастұз МАЭС-2 бойынша қаржыландыру тетіктері қарастырылып, қызметтерді жоспарлы сатып алу жүріп жатқанын» атап өтті.Премьер-Министр компанияның Қазақстандағы жұмысын одан әрі дамыту жоспарларын мақұлдап, «Самұрық- Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Е.Упушевке жобаны іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.