Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыстарды аралауды жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыстарды аралауды жоспарлап отыр. Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, бірлескен отырыста Үкіметтің былтырғы жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланған болатын.

Парламент Үкімет есебін бекіткен соң Премьер-Министр депутаттық корпусқа сындарлы талқылау мен ұсыныстары үшін алғысын айтты. «Мен сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуге уәде бергенмін. Біз қазір солай жұмыс істеп те жатырмыз. Ал бүгін көтерілген сұрақтарды алдағы уақытта Үкіметтің отырысында егжей-тегжейлі қарап, талқылайтын боламыз», - деді Кәрім Мәсімов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы күзге қарай ағымдағы бюджетті нақтылау мен алдағы үш жылға арналған бюджет жобасын қалыптастыру барысында нақты мәселелер бойынша сұрақтарға жауап болатынын жеткізді.

«Биылғы жазда мен 2012 жылдағы секілді барлық облыстарды аралағым келеді. Онда жергілікті жерлерде орын алып отырған нақты мәселелерге назар аударғанды жөн санаймын. Осы облыстық сапарларымда сіздердің тараптарыңыздан сындарлы ұсыныстар жасалса оны өңірлерде талқылау дұрыс болатын еді деп санаймын», - деп түйіндеді Үкімет басшысы өз сөзін.