Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне 2014 жылдың соңына дейін «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін өңірлерде енгізуді тапсырды

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қаржы министрлігіне 2014 жылдың соңына дейін «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін өңірлерде енгізуді тапсырды.

Осы ретте ол өзінің орынбасары Қайрат Келімбетовке аталған жүйені енгізу ісіне барлық жағдай жасау керектігін баса айтты.

«Мен сіздің аудандық, мүмкін ауылдық елді мекендерге дейінгі мемлекеттік мекемелерді «Қазынашылық-клиент» жүйесімен қызмет көрсету ісіне қосуды жеделдетуіңізді қолдаймын», - деді С.Ахметов Қаржы министріне қарата. - Егерде сіз, қаржыландыру жағдайын ескере отырып, мұны 2014 жылдың соңына дейін жасайтын болсаңыз, онда Үкімет толығымен қолдау көрсетеді».

Айта кетейік, алқа мәжілісінде Болат Жәмішев 2012 жылы мемлекеттік мекемелермен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін және ауданнан төмен әкімшілік деңгейде қазынашылық бөлімшелерін құрмай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қашықтан қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін дамыту жалғасқанын атап өткен еді.