Үкімет басшысы қазақ кәсіпкерлеріне пайда табу жолын көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» ҰКП-ның IV съезі барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерге еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік көліктерді тауарларын экспортқа шығару үшін пайдалануға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы өз сөзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан «Жібек жолын жаңғырту» бағдарламасын дамытуда чемпион саналатындығын айтқанын еске салып өтті.

«Көптеген жобалар біз арқылы өтеді. Соған байланысты біз транзиттік пайда табамыз деп айтамыз. Біз неліктен тек транзиттен ғана пайда табу міндетін қоямыз? Біз арқылы өтетін транзитке өзіміздің тауарларымызды неге тиемейміз? Солай жасасақ мұнан да көп пайда табатын едік қой. Біздің алдымызда тұрған міндет осы. Және бұл тұрғыда жедел жұмыс істеуіміз керек. Бұған қоса, көліктік логистика, туризм, білім беру, денсаулық сақтау бар. Онда да біздің әлеуетіміз өте зор», - деді Бақытжан Сағынтаев.