Үкімет басшысы Қостанайда іссапарда болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қостанай облысына барып, онда Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді түсіндірді.

Үкімет басшысының облысқа сапары аясында Затобол кентіндегі «Алтын дән» ауылдық мәдениет үйінде өңір жұртшылығымен өткен кездесуде тұрғын үй мен ипотеканың қолжетімділігі, жаңа аудандарда инфрақұрылымның жүргізілуі мәселелері және АӨК-ті дамыту бағдарламасы аясында ауылшаруашылық кооперативтерін құрғанда ауылдықтар үшін туындайтын мүмкіндіктер қарастырылды. 

Еліміздің үшінші жаңғыруы аясындағы міндеттерді шешу үшін бірінші кезекте өзіміздің ойлау жүйемізді өзгерту қажет. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында қоғамдық сана жаңғырту қағидаларын ғана емес, сондай-ақ дәстүрді жоғалтпай заман талабына сай нақты жобаларды әзірлеуді талап ететіндігі атап өтілген. Бұл бағыттағы жұмыс сондай-ақ Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудан басталады.

Кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау минис­трі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов салаларда атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы хабардар етті. Аймақта қолға алынып жатқан шаралар туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады.

Үкімет жұмысындағы басты назардың бірі АӨК-ті дамытуға аударылады. Қостанай облысының тұрғындары үшін мұның мән-маңызы зор, себебі индустриялық сектормен қатар аграрлық сектор да аймақ экономикасының басым бөлігін қамтыды. Қойылған міндеттердің тиімді шешіміне қостанайлықтардың ғана емес, жалпы қазақстандықтардың өмір сапасының деңгейі де байланысты. Осыған орай, отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылу тиімділігін арттыру қажет. 

Сондай-ақ Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Биыл Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 210 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, облыста бағдарлама бойынша бес жыл­дың ішінде 1 млн 150 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Бақытжан Сағынтаев сапарында Қостанайдағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Ол бизнес өкілдерінің назарын ел экономикасының Үшінші жаңғыруы аясында пайда болған өсу мүмкіндіктеріне аударды. Б.Сағынтаев кәсіпкерлерді бизнес-ортаны жақсарту мен қайта реттеу, экономиканың жаңа салаларындағы, жаңа индустриялардағы, қызмет көрсету, туризм мен «қарапайым заттар экономикасындағы» жаппай кәсіпкерлікті жедел дамыту саласындағы бірлескен жұмыстарға белсендірек қатысуға шақырды. Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы цифрландыру мен төртінші өнеркәсіптік революцияға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Осыған орай Үкімет заңнамалық өзгерістер мен стандарттау, цифрландыру, мемлекеттік қолдау құралдары қамтылған аталған бағытта дамудың жүйелік шараларын әзірлеуде. Мемлекеттік сатып алулар саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша жүзеге асыру мәселелері пысықталуда.

 Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатымен Қаржы министрлігі отандық жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алу мәселесін ретке келтірген. Биыл квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар мен жер қойнауын пайдалану салаларындағы сатып алулардың жаңа тәсілдері іске асырылатын болады.

Үкімет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары аясында өңірдің бірқатар маңызды нысандары мен өндіріс орындарына барды. Атап айтқанда, «Қостанай» халықаралық әуежайында, «СарыарқаАвтоПром» зауытындағы өндіріс алаңында, «ЕвразКаспианСталь» зауытында, «Жемчужина стомед Уральс­кая» көп бейінді медициналық орталығында, «Северный» шағын тұрғын ауданын­да және «КазАгрос» ЖШС-да болып, атал­ған нысандардың жұмысымен танысты.