Үкімет басшысы құрылыс материалдары бағасының шарықтау себебін анықтауды тапсырды

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне негізгі құрылыс материалдарының бағасына мониторинг жүргізуді тапсырды.

Цемент, металл сынды құрылысқа қажетті негізгі материалдардың бағасы шарықтап отырғандығын атап өткен Үкімет басшысы: «Бұл жерде Бәсекелестікті қорғау агенттігі бір айдың ішінде металл 10-12 мың теңгеге, ал цемент 5-6 мың теңгеге қандай негізде қымбаттағандығын жіті қадағалауы тиіс. Бұл кәсіпорындарда не орын алды, неліктен бағаның мұндай күрт көтерілуі тіркеліп отыр?», - деді.

Сонымен қатар С.Ахметов нарықтағы ахуалға байланысты мұндай әрекеттерге барып отырғандықтарын атап өтті. «Мен олардың осы кезең ішінде қызметкерлерінің жалақысын 30-40 пайыз көтерді деп ойламаймын. Біз бұл мәселені жыл сайын көтереміз әрі жыл сайын оны агенттік алдына жүктеп береміз. Неге олардың өздері наурыз айынан бастап бұл мәселеге мониторинг жүргізбейді», - деп кейіді Премьер-Министр.