Үкімет басшысы мұнай және газ саласындағы екі басты міндетті атады

None
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов ведомство мен осы саладағы барлық органдардың алдына екі басты міндетті жүктеді.

«Мұнай және газ министрлігі мен осы саладағы органдардың барлығы өз қызметінде екі мәселеге жұмыс істеуі керек. Олардың біріншісі, экономиканың тұрақты өсуіне әсер ету. Бұл министрлік пен сала органдарының алдындағы басты міндеті. Осыған орай, қандай да бір проблеманы желеу етіп, оған жайбарақат қарауға, ақталуға болмайды. Бұны ашық айтамын. Министрліктің өндірістік көрсеткіштері оның орындалуына белсенді әсер етулері керек», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазақстандықтардың мұнайгаз секторындағы жұмыспен қамтылуына да баса назар аударды. «Бұл екінші маңызды мәселе. Қазақстандық маман осы салада ешқалай қысқармауы керек. Керісінше, жұмысқа тартылуы шарт. Яғни, министрліктің басты міндеті - экономика өсіміне оң әсер ету мен өз кадрларымызды жұмыспен қамту. Бұлардың ауқымы зор болғанымен, атқарылуы маңызды», - деді Үкімет басшысы.